Жастар саясатын дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен балға Қыздар университетінің арулары мен Алматы қаласындағы радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты курсанттарынан құралған 70 жұп қатысты. Балда би билеген әр жұп екі оқу орынның белсенді жастары қатарынан іріктеліп алынды, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметінен.
Шынайы музыка мен классикалық биді бағалайтын жандардың басын қосқан мереке салтанатты полонез биімен ашылды. Би патшасы - вальстің әуезді ырғағымен айнала билеген аққудай сұлу да көрікті қыздар мен сұңғақ бойлы, сымбатты жігіттер баршаға мерекелік көңіл-күй сыйлап, тамаша әсерге бөледі. Қызғалдақ балының форматы классикалық Вена балының дәстүрінен ауытқымады. Балға қатысушы жұптар полонезден өзге, полька, мазурка мен Вена вальсін билесе, белсенді де өнерлі жастар флешмоб ұйымдастырып, аталмыш оқу орынның 70 жылдығына орай «70» деген сан жазды. Сондай-ақ «Тақиялы періште» кинофильмінен үзінді көрсетіп, «Одиссей» әніне би биледі.
«Жастарды әлемдік классикалық мәдениетке және рухани байлықтарды дамытуға тәрбиелейтін бұл шараның маңызы зор деп білемін. Бүгінгі біздің қыздарымыз тамсантар табиғи сұлулықтың сән үлгісін көрсете білді. Осындай сұлулықты паш еткен баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін», - деді оқу орнының басшысы Динар Нөкетаева шараның ашылу салтанатында.
Достыққа, салауатты өмір салтына және жастардың рухани дамуына арналған іс-шара соңында мерекелік кешке белсене атсалысқан студент жастар Алғыс хаттармен марапатталып, оларға бал атына сәйкес қызғалдақ гүлдері табыс етілді.
Көрікті мерекені оқу орнының ұжымы мен студенттер қауымы тамашалады.