Алматыда қызметкер мен клиент арасындағы жанжал атысқа ұласты

Бұл бақылау камерасындағы жазба. Төбелестің нағыз қызған шағы. Оқиға тапа-тал түсте болған. Ескі тоңазытқышын жөндеуге әкелген клиенттің қызметкерлер жауабына көңілі толмағаны анық көрініп тұр. Ақыры айқаймен ештеңе өнбесін түсінген келіншек сырттағы күйеуін көмекке шақырыпты. Әй-шайға қарамай травматикалық тапаншасынан оқ жаудырған да сол жігіт екен.

Сәуле Сәрсенова:

-Менің күйеуім заңға қарсы әрекет еткені рас. Бірақ оның орнында басқа адам болса да солай істер еді. Ол мені ренжіткен адаммен төбелесті. Бірақ төбелесті бастаған орталық қызметкері. Темір шелекпен ұра бастағанда қорғану үшін қару қолдануға мәжбүр болды.

Сәуле осылайша қызмет көрсету орталығында өзін балағаттап, тіл тигізді дейді. Шағымын да бірінші болып жазып қойған. Ал, оқ тиіп, аурухана төсегіне таңылған қызметкердің туыстары басқа пікірде.


Надежда Первухина, жәбірленушінің әйелі:

-Күйеуімнің ішіне оқ атқанда киім-кешегі түгелімен дал-дұл болып жыртылған. Құрсағында теңгенің көлеміндей жарақат бар.

Айналасы 3 минуттың ішінде болған төбелеске орталықтың басқа да жұмысшылары куә болған. Алты жерінен жарақат алған Николай Первухин кейін ауруханаға жеткізіліпті. 56 жастағы жәбірленуші 4 тәуліктен бері сонда ем алып жатыр. Ал қару кезенген жігітке қатысты қандай шара қолданылатыны тергеуден кейін анықталмақ. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.