«Өнер қырандары» театрының «Берекелі мереке» атты рухани-патриоттық кеші өтті, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметінен.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылған рухани кеш халықтың көңілінен шықты.
Кешке белгілі өнер жұлдыздары, атап айтқанда, «Заман» тобы, «Нұр-Мұқасан» тобы, «Сұңқар» тобы, белгілі әнші Қанатбек Полатбек пен Ринат Төре қатысып, мағыналы діни ән-жырларды орындады. Сондай-ақ дін мен дәстүрімізбен астасқан тағылымды қойылымдар мереке сәнін аша түсті.
«Бұл игі шара қасиетті Рамазан айының қарсаңында бас мүфтидің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әлем елдері қасиетті Рамазан айын қуанышпен қарсы алып, оны құрметпен қимастықпен шығарып салады. Олай болса, рухани кешті ұйымдастырудағы басты мақсатымыз - Рамазан айын ерекше ықыласпен қарсы алу. Алла Тағала бұл айда ұстаған оразаларымыз бен жасаған салихалы амалдарымыздың сауабын арттырып, елімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай», - деді кеш барысында сөз сөйлеген ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысқанұлы.