Алматыда роботакси таныстырылды 

Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті, деп жазды Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Дамир Қожахметовке Yandex Qazaqstan компаниясының роботаксиі таныстырылды.

Жоба пилоттық режимде кезең-кезеңімен іске қосылады. Алғашқы кезеңде технология шектеулі форматта сынақтан өтіп, кейін нақты тәжірибе мен қауіпсіздік көрсеткіштеріне қарай кеңейтіледі. Сервисте тәулік бойы диспетчерлік қолдау мен сапарларды сақтандыру қарастырылған.

Роботакси жасанды интеллект негізінде жұмыс істеп, жол жағдайын үздіксіз бақылау және қауіпсіз әрекет ету жүйелерімен жабдықталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Көлік министрлігі пилотсыз көліктерді пайдалануға арналған заңнамалық базаны әзірлеуде. Тиісті түзетулер роботаксилердің мәртебесін, пайдалану тәртібін және мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін айқындауды көздейді.

Пилоттық жобаларды жүзеге асыру үшін цифрлық инфрақұрылымы дамыған Алматы мен Астана негізгі алаң ретінде қарастырылып отыр. Министрлік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, заманауи көлік технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастырады.