Апталықта еліміздің және шет елдің дизайнерлері өз киім үлгілерін көрсетті. Естеріңізге сала кетсек, оған Түрік елінен Зейнеп Эрдоган, Украинадан Олег Скирда, Грузиядан Кети Чхиквадзе, Италиядан "Extyn" сән үйі, қазақстандық дизайнерлерден - Аида Кауменова, Құралай Нұрқаділова, Айгүл Қасымова, Салтанат Баймұхамедова, Жадыра Сахиева, Лария Жақамбаева, Камилла Курбани, Михаил Кравец және "SofiAnn" маркасын ұсынатын София мен Анна есімді дизайнерлер қатысты.
Сән апталығының бірінші күні өз коллекциясын ұсынған Түрік елінің дизайнері Зейнеп Ердоған: «Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Қазақстандық дизайнерлерінің киім үлгілері маған қатты ұнады. Әсіресе, Лария Жақамбаева мен Құралай Нұрқаділованың коллекциялары. Түрік елінде тоқыма саласы жақсы дамығанымен сән апталығы үш жылдан бері ғана өткізіліп келеді. Біз де сіздердің елдеріңіз сияқты енді даму үстіндеміз. Мен бұл салаға келгеніме 3-4 жыл болды. Милан қаласындағы сән академиясын бітірдім. Ыстамбұл қаласында өзімнің көрме залдарым мен фирмалық дүкендерім бар. Бүгінгі күні шоу-бизнес жұлдыздарына киім үлгілерін дайындаумен айналысып жүрмін. Алдағы уақыттағы мақсатым эксклюзивті киімдерімді Еуропа және әлемнің барлық жеріне ұсыну»,- деді ол.
Екінші көрсетілімдерде жас қазақстандық дизайнерлер Камилла Курбани мен Михаил Кравец тұңғыш рет ел назарына өздерінің сәндік киім үлгілерін ұсынды.
«Бұл шараға қатысуымның негізгі мақсаты өзімнің дизайнерлек қолтаңбамды көрсету. Дебюттік көрсетілім жасау үшін үш жыл дайындалдым. Киімдер негізінен жібек маталарынан тігілді. Коллекциямның дүниеге келуіне қазақстандық суретші Әбдукәрім Исаның суреттері, әсіресе «жолбарыс» туындысы ықпал етті. Ол өзінің суреттерімен «Мәдениет әлемі және өнер» деп аталатын халықаралық көрмеде алтын медаль алған болатын. Туындыларының ұнағаны соншалықты мен оның суреттерінен бірден болашақ коллекцияларымды көрдім. Ендігі жоспарларым «Күз-Қыс» коллекцияларын жасау», - деді Өнер академиясын тәмамдаған жас дизайнер Камилла Курбани. Оның айтуынша, сән апталықтары әсіресе жас дизайнерлер үшін өте қажетті шара.
Камилла Курбанидың пікірінше, елімізде сән индустриясы дамып келе жатыр. «Біздің еліміз жас сондықтан оның болашағы зор деп білемін. Алдағы уақытта жас дизайнерлердің көптеп шығатынына сенімдімін. Біздің қазақстандық дизайнерлердің өзіндік ерекшеліктері бар, сонысымен әлемдік көрсетілімдерде шеберліктерімен таң қалдырып келе жатыр», -деді ол.
Үшінші күнгі көрсетілімдерді Салтанат Баймұхамедова, "SofiAnn" маркасын ұсынатын София мен Анна есімді дизайнерлер, Аида Кауменова мен Олег Скирда (Украина) аяқтады.