Бұл Құлжа тасжолында былтыр қыркүйек айында ашылған жаңа базар - «Жетісудың» сатушылары. Барлығы бірдей сауда орталығының әкімшілігіне «қолдау көрсетпеді» деп өкпелі. Өйткені мұнда наурыздан бастап, жер салығы екі есеге өскен.
Салтанат Рүстемова, саудагер:
-Наурызда көтерді, енді маусымда тағы көтереміз деп жатыр. 40 тонналық контейнерге 68 мың төлейміз, одан бөлек 2 мың теңге күзеті, тазалаушысы бар.
Тек оған жарты жылдан асса да базардың қайнар түрі жоқ. Тіпті сауда жасай келген клиент те біран-саран.
-Тауар өтпейді. Қалай тұр, солай тұр!
Базар иелерінің бассыздығы жалғыз бұл емес дейді жұрт. Мәселен, төбедегі шатырға да шаршы метріне қарай құн бекітіліпті.
Мағилан Қасымбеков, саудагер:
-Ең күлкілісі бізді мазақ етудегісі – олар наурыздан бастап, мына жоғарыдағы шатыр үшін де салық салмақ. Шаршы метрі үшін 2 мың теңгеден. Бұндай сұмдықты бұрын ешбір базардан көрмеп едік.
Бірақ базар басшылығы барлығын заң шеңберінде жасадық деп отыр. Сондықтан өзгеріске көнгісі жоқ кәсіпкерлерді ұстамақ емес.
Ешболат Арупов, «Жетісу» сауда кешенінің ресми өкілі:
-Кәсіпкерлермен арада келісім-шарт бар. Инвесторларға жылына жалға алу құнын екі мәрте өсіруге құқық беретін. Соған сәйкес өсірдік. Көп емес, 50 мыңнан 70 мыңға ғана. Қол қойған өздері. Егер ұнамаса, кетуіне болады.
Айта кетерлігі, Алматының ең шеткі тұсында орналасқан бұл кешенде жүргендердің дені өртенген «Барахолка» мен сүрілген «Отау» базарының саудагерлері.