Алматыда "Сазген сазы" фольклорлық-этнографиялық музыкалық аспаптар ансамблінің концерті өтті

Үш бөлімнен тұратын концертте халық әндері, бүгінгі заманғы және джаз әндері орындалды.

Ансамбль бағдарламасы алғаш құрылғаннан бері халық әндерін, халқымыздың сирек орындалатын немесе ұмыт болып бара жатқан ән-күйлерін көне аспаптардың үнімен көрсетіп, тыңдарман қауымға кәсіби деңгейде жеткізіп келген еді. Ал, қазіргі кезде бұнымен қатар, ансамбль заман талабына сай, ұлттық аспаптармен жаңа ырғақтарды, әлемдік туындыларды және басқа да жанрдағы шығармаларды ойнай бастады.

Ансамбль егеменді еліміздің 20 жылдық мерекесі құрметіне және өзінің 30 жылдық мерейтойына орай бүгінгі концертте «Ақсиса», «Япурай», «Алқоңыр» және тағы да басқа халық әндерін джаз әуені нақышына салып орындап көрермен қауымды таңғалдырды. Бұнымен қатар, өзіміздің төл аспаптарымызбен, әлемге танымал Джек Финаның «Бамбл буги», Велеаскестің «Бесаме мучо», Монтидің «Чардаш» туындыларын орындағанда бүкіл зал тік тұрып қошемет көрсетті. Сондай-ақ, соңғы джаз әуендері бөлімінде, орындаушылардың еуропа киім үлгісінде киініп шыққандары қазақстандық көремендер үшін үлкен жаңалық болды.

ҚР өнер қайраткері, белгілі музыкатанушы Юрий Аравин ансамбльдің басқа жанрда ойнай бастағандарына оң баға берді. «Бұл ансамбльмен 25 жылдан аса уақыт таныспын. 1981 жылдан бері ансамбль жаңа сапаға өсті. Бүгіндегі көптеген оркестрлер дәстүрді бұзғылары келмейді. Ал, бұл ансамбльдің басқа оркестрлерге қарағанда ерекшелігі - олардың жаңа бағытты тауып, басқа жанрларда қорықпай ойнай білуінде. Меніңше, бұл олардың қолынан келді. Шығармалардың жаңа әрленуі қандай.., киім үлгілерімен де қатты ерекшеленеді», - деді ол.