Оның айтуынша, холдинг шағын құрылыс компанияларының мүддесін қорғау мақсатымен құрылыс салу жөніндегі тендерлерге қатысып, дербес құрылыс салу саясатын жүргізе алады. Оның пікірінше, қазіргі жағдаймен құрылыс бизнесі саласындағы "олтигарх-алпауыттар" санатындағы ірі құрылыс компаниялары шағын және орта бизнесті біржола ығыстырып, құрылыс саласында қызмет көрсету рыногын жаулап алды. Мұндай жағдай жер учаскелеріне қатысты да қалыптасып отыр. Шағын құрылыс компаниялары үшін жерге қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі ғана емес, тіпті мүлдем жабық деуге болады, деді С.Тұржанов. Шағын кәсіпорындар ірі компанияларға қосалқы мердігер ретінде жалданып, солардың айтқанына көніп, айдағанына жүріп, көлеңкелі салаға ден қойды. Соның салдары іспетті, аталмыш компаниялардың экономикалық тиімділігі төмендеп, құрылыс рыногындағы баға қымбаттай түсуде.
Алматыда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы 350 доллар болуы мүмкін бе деген сауалға С.Тұржанов : "республикалық бюджеттен қаржыландырылған жағдайда мүмкін" деп жауап берді. Ал құрылыс компаниялары жерді сатып алып, коммуникацияларды өз қаржысы есебінен тартқан жағдайда ондай баға белгілеу мүмкін емес, дейді ол. С.Тұржановтың айтуынша, қазіргі жағдаймен, Алматы орталығындағы 100 шаршы метр жердің нарық белгілеген бағасы 60 мың долларға жетсе, Қаскелең маңында ол 100 доллар тұрады. Соған қарамастан, жаңадан құрылатын холдинг тұрғын үйдің өзіндік құнын төмендетуге күш салатын болады, деді С.Тұржанов.
Шағын бизнес департаменті директорының пайымдауынша, қалада тұрғын үй құрылысы саласындағы бағаны арзандатуға мүмкіндіктер мол. Республикалық бюджеттен Алматыда муниципалдық тұрғын үй құрылысын салуға 2 млрд. теңге бөлінгелі отыр. Сондай-ақ, С.Тұржановтың айтуынша, қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін паш ету үшін өнеркәсіптік саябақ түрінде салынатын 2 ірі учаске дайындалып жатыр. Онда өндірістер мен кластерлер, басқаша айтқанда, тұйықталған технологиялық тізбектер орналасады. Әкімшілік тосқауылдарды жою мен құрылыс пулын құруды да кәсіпкерлер резервтер санатына қосады.
С.Тұржановтың айтуынша, жаңадан құрылған құрылысшылар қауымдастығына біріккен компаниялар "сапа, жылдамдық және баға көрсеткіштерін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге дайын".