деп хабарлайды KZ-today тілшісі. Бүгін Алматы қалалық әкімшілігінде осы салада жұмыс істейтін 10 құрылыс компаниясы хаттамаға қол қойды.
Хаттамаға қол қою рәсімінен кейін болған дөңгелек үстелде бүгінде құрылыс бизнесі саласындағы кәсіпкерліктің даму қарқынының бәсеңдігі айтылды. Алматы қалалық шағын бизнес департаментінің директоры Серік Тұржановтың келтірген мәліметі бойынша, 2001-жылғымен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған құрылыс ұйымдарының жалпы саны 22 процентке кемісе, керісінше, ірі мердігерлік ұйымдардың саны 3 процентке өскен.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, жаңадан құрылған қауымдастық шағын және орта бизнес саласынан республика үкіметі мен парламентінің алдына құрылыс саласында шағын кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған себептер туралы мәселе қоя алатын институтқа айналуы тиіс. Атап айтсақ, бұл салада "лицензия беруге, кеден саясатының икемсіздігіне, құрылыс саласында өткізілетін тендерлердің ашықтығына, салық саясатының жетілдірілмегендігіне, құрылыс саласының дамуына қолбайлау болып отырған әкімшілік тосқауылдарға байланысты мәселелер көп".
Құрылтайшылардың айтуынша, құрылыс қауымдастығын құрудағы бір басты мақсат - Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің өзіндік құнын төмендету болып табылады.
Шағын құрылыс ұйымдарының қауымдастығын құруды Алматылық кәсіпкерлер қауымдастығы тарапынан қолдау тапты. Қауымдастық президенті Виктор Ямбаевтың пайымдауынша, жаңа қауымдастық қазақстандықтарды арзан әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге жауап ретінде құрылып отыр.