Бұл кинофестиваль "Мәдени мұра" және "Қазақстандағы Ресей жылы" мемлекеттік бағдарламалары аясында өткізіліп отыр.
"Шәкен жұлдыздары" кинофестивалінің төрағасы Асанәлі Әшімовтың айтуынша, шара қазақ кинематографиясының шығармашылық дәстүрлерін сақтап дамыту, қазақ киносының халықаралық беделін көтеруге бағытталады. Форумның басты мақсаты - фестиваль қонақтарына Қазақстандық кино түсіру саласы сан жылдық тарихы мен өзіндік ерекше қолтаңбасы мен дәстүрлері бар дербес құбылыс екенін паш ету болып табылады.
Кинофестиваль бағдарламасына қысқа метражды көркем фильмдер мен отандық деректі фильмдер көрсетілімі қамтылған. Сондай-ақ, фестиваль концепциясына сәйкес көркем, деректі және анимациялық фильмдер көрсету жоспарланып отыр.
Номинациялар бойынша әділ қазылар алқасының құрамы мен адамдар санын кинофестивальді ұйымдастыру дирекциясы мен ұйымдастыру комитеті анықтайды. Қазіргі жағдаймен қазылар алқасының құрамы жасақталу үстінде.
Әрбір номинацияның жеңімпаздары "Шәкен жұлдыздары" фестивалінің ескерткіш нышан-белгісімен марапатталады. Кинофестивальдің бас жүлдесі ең үздік шығармашылық туындыға номинацияға қарамай беріледі. Сондай-ақ, марапат куәліктері, арнаулы, ақшалай және ынталандыру сыйлықтары тағайындалған.
"Шәкен жұлдыздары" продюсерлік орталығы мен Алматы қалалық әкімшілігі - шараны басты ұйымдастырушылар болып саналады. Ал ресми әріптестер санатында мемлекеттік "Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы" ұлттық компаниясы, ҚР киноматографистер одағы, А.Әшімовтың "Елім-ай" шығармашылық кинобірлестігі мен "Silk Way City" фестиваль орталығы бар.