Алматыда спидвейден Әлем біріншілігі өткізіледі

«Біз Халықаралық мотоцикл федерациясымен бірлесе отырып, спидвейден Әлем біріншілігінің кезеңін осымен екінші рет Қазақстанда өткізетіндігімізді мақтан тұтамыз. Бұл өте қызықты шара. Әлем жұртшылығы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында Қазақстан туралы тағы да қызықты да тартымды жаңалықтар еститін болады. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ биыл спидвейден бүкіл Әлем біріншілігінің негізгі демеушісі атанды. Биыл барлығы бес жеке есептегі Әлем біріншілігі және бір командалық есептегі Әлем біріншілігі өткізіледі» - деді осыған орай Қазақстанның Автомотоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев.

Айта кетелік, 2016 жылы Спидвейден Әлем біріншілігінің Жеке есептік финалы бес кезеңде өткізіледі. Таяу күні бірінші кезең Ресейдің Красногорск қаласында өткізілген болатын. Екінші кезең Алматы қаласында, үшінші кезең - Германияда (Берлин), төртінші - Голландияда (Ассен) және бесінші - тағы да Германияда (Инцель) ұйымдастырылады. Сондай-ақ, алдағы уақытта Ресейдің Тольятти қаласында командалық есептегі Әлем чемпионаты да өткізіледі.

Бүгінгі таңда, спидвейді әлем бойынша 20-дан астам спорт арналары көрсетеді. Сәйкесінше, жылына бұл жарысты 200 миллионнан астам көрермен тамашалайды. Әлем чемпионатының Алматыдағы кезеңін Қазақстан Республикасының Автомотоспорт федерациясы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізеді.  Ал «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ демеушілік қолдау көрсетеді.