Алматыда студенттер белсенді түрде вакцина салдыра бастады

Бұл туралы Caravan.kz порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Студент Алуа Орынбекова бүгін екпе салдыруға Ұлы Отан соғысы ардагерлері емханасында орналасқан пунктке келген. Дәрігерлер оның жалпы жәй-күйін, дене қызуын, сатурация деңгейі мен қан қысымын тексеріп шықты. Денсаулығында кінәрат болмағандықтан оған бүгін Спутник-V екпесінің 1-компоненті салынды.

Дәстүрлі оқу жүйесіне көшіп жатқандықтан әрбір студент екпе алғаны жөн. Емін-еркін жүруге, пандемияға дейінгі өмірге оралуға ықпал етеді деп ойлаймын, – дейді Алмалы ауданының тұрғыны Алуа Орынбекова.

Соңғы мәліметтерге сәйкес бір тәулікте екпенің алғашқы компонентін 4700-ден аса, ал 2-компонентін 6 мыңға жуық адам салдырған. Ал, ақпаннан бүгінге дейін 833 мыңнан астам тұрғын вакцина алды. Оның 110 мыңға жуығы 60 жастан асқан кісі.

Айналаңда жұқпалы инфекция жүргенін елестету өте қорқынышты. Сондықтан екпе салдыруға бел будым. Деніміз сау, балаларымыз аман болуы үшін осы ең дұрыс шешім, – деді Алмалы ауданының тұрғыны Тамара Загриценко.

Бастысы денсаулықты күту керек. Өзіме және жақындарыма індетті жұқтырмау үшін екпе алып жатырмын, – деді Алмалы ауданының тұрғыны Валерий Лукомский.


Бұл емханаға 30 мың тұрғын тіркелсе, соның басым бөлігі яғни 24 мыңнан көбі екпе салдырыпты.

30 мың тұрғынның 7 мыңнан астамы диспансерлік есепте тұрған пациенттер. Оларға түгелімен вакцина жасау жүргізілді. 230-ына медотвод берілді, – деді қалалық ҰОСА емханасы бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Әбдіразақова.

Қаладағы медициналық ұйымдарда, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен сауда орталықтарында 160 вакцина егу пункті жұмыс істейді. Иммундау жұмыстарына 237 бригада жұмылдырылған.