Алматыда табыстан қағылған саудагерлер шу шығарды

Барахолка мен Баянауыл базарлары сүріле бастағанда сатушылардың бір легі осы Барлыққа келген болатын. Бүгін сауда жүрмей жатыр деп шу көтерген де солар. Айтуларынша, пайда түгілі қазір болмашы жалдау ақысын да өтей алмай жүр.

Дана Әбдікерімова, саудагер:

– Арендаға төлейтін ақшаны біз әлі шығарған жоқпыз. Сол үшін 3 айға тоқтата тұрса болатын еді.. Он жарым мың теңгені біз шығара алмаймыз. Ол үшін сатып алушы келуі керек.

Клиенттің аздығынан сауда мандымай тұр екен. Бұған бірінші кезекте күре жолдың бойындағы кептеліс себеп дейді жиналғандар.

Герасим Пак, саудагер:

Райымбек даңғылының бойында үш ірі сауда нысаны болғандықтан, үнемі кептеліс. Клиент келмейді. Сауда жоқ.

«Барлық» базарының да ашылғанына көп уақыт өткен жоқ. Жаңа нысанда табысты бірден күреп таппайтыныңыз да түсінікті. Ал, базар әкімдігі саудагерлердің жағдайын ескеріп, бір жылға жеңілдік жасадық деп отыр. Енді коммуналдық ақыны да қысқарту мүмкін емес екен.

Афлатон Гулядов, базар директоры:

-Бір жыл ішінде жалдау құны өзгермейді. Саудагерлер тек айына коммуналдық қызметке 10 мың 500 теңгеден төлеп отыруы тиіс. Оның өзін бірінші айда алған жоқпыз. Жаңа орынға бейімделсін дедік.

Наразы саудагерлер мұнымен де келіскен жоқ. Келгелі бес тиын пайда таппадық деп шулаған олар енді коммуналдық ақыға алынатын 10 мың теңгені де қысқартсын деп отыр.   

Loading...