Әнші Бибігүл Төлегенованың шәкірті болып табылады. Жұлдыз жас әнші болуына қарамастан оның бүгінде репертуары ауқымды. Қазірдің өзінде әншінің қорында қазақтың халық әндерімен қатар, опералық ария, романс, эстрадалық әндерден құралған 4000-ға жуық әндері бар.
«Менің жүрегіме алуан түрлі әндерден гөрі, халық әндері жақын»,-дейді әнші.
Музыка әлеміне енді ғана қадам басып келе жатқан жас әншілердің көпшілігі жеке концерт беруге батылдық танытпаса да, Жұлдыз баршаның көңілінен шығып, халықтың жүрегінен лайықты орын алатындығына сенімді.
Концерттік бағдарламада әншінің «Туған жерiм», «Жайна жазым», «Адажио» әндерімен қатар, әншінің алғашқы альбомына кірген әндері де орындалатын болады. Бұнымен қатар, концертке Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Медеу Арынбаев, Алмас Кішкенбаев сынды өнер жұлдыздары, «Жігiттер», RinGO, FM, Parasat топтары, сонымен қатар, «Тұран» фольклорлы ансамблі, Blockbuster би студиясы қатысатын болады.
Әнші өз көрермендерін кең ауқымды музыкалық бағдарламамен қатар, сахнаның безендірілуіне сай, қайталанбас сахналық қойылымдар мен жарықтық шоумен таңқалдырмақ.
Анықтама: Жұлдыздың сахнадағы алғашқы жеңісі - «Әншi балапан» балалар байқауы. Ол бұл сайыста бірінші орын алған еді. Ол кезде Жұлдыз небәрі үш жаста болатын. Бала кезде әнші қыз талай мәрте музыкалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты, жеңімпазы атанған.
Мектепті бітірген түлек Чайковский атындағы Алматы музыка колледжіне оқуға түсіп, көптеген мемлекеттік, халықаралық музыкалық байқауларға қатысуын тоқтатпады. 2003 жылы Жұлдыз Бибігүл Төлегенова атындағы байқауға қатысып, жүлделі орынға ие болып, ең жас опералық әнші ретінде танылды. Музыкалық колледжді тәмәмдаған жас әнші ешбір емтихансыз бірден Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға оқуға қабылданады.
2005 жылы өзін-өзі жаңа қырынан танып білуге құштарланған Жұлдыз, эстрадалық вокал мен актерлық шеберлік бойынша дәріс алып, бірнеше ән жаздырып, сол әндерге бейнебаян да түсіріп үлгерді. Сөйтіп, оқу мен шоу-бизнестегі жұмысты ұштастыра білген Жұлдыз 2008 жылы «Талисман» эстрадалық ансамблде жұмыс істейді.
2009 жылдың мамыр айында консерваториядағы оқуын бітірген ол астаналық К. Бәйсейітова атындағы опера және балет театрының опералық труппасының солисі болып жұмысқа қабылданады.
Бүгінгі күні әнші Астана қаласындағы Конгресс-Холлда Мемлекеттік эстрадалық-симфоникалық оркестрдің солисі.
Оның 2010 жылдың қараша айында «Туған жерiм» деген атаумен алғашқы альбомы жарық көрді. Альбомға әншінің үш тілде бірдей орындаған әндері кірген.