Алматыда танымал актриса Лидия Кәденованың 60 жасқа толуына арналған мерейтойлық кеші болады

60 жасқа толуына арналған мерейтойлық кеші болады.

Кәден Лидия Тажадинқызы 1952 жылы, 17 ақпанда Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының, Ырғыз ауылында дүниеге келген. 1967 - 1970 жылдар аралығында Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде алғашқы өнер жолындағы білімін алып, 1970 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлар дайындайтын бөліміне түскен ол, профессор - Рәбиға Қаныбаева мен Қазақстанның Халық артисі - Ыдырыс Ноғайбаевтың шеберлік курсынан тәлім алып, аталған оқу орнын 1974 жылы актер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бүгінде Лидия Кәден консерваторияны бітірген сонау 1974 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін өзінің жанкешті еңбексүйгіштігімен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса болып жемісті еңбек етіп келеді.

Лидия Тажадинқызының қай кезеңде ойнаған рөлдері болса да, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, өнерсүйер қауымның жоғары бағасын алып келеді. Соның дәлелі ретінде, оның 1990 - 2000 жылдар аралығында жасаған рөлдерінен: Иран-Ғайыптың «Алтын-Ажал» қойылымында - Бибі-Ие, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясындағы - Қамқа және де актрисаға арнайы жазылып, өзіне арнап қойылған С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» лирикалық мұңындағы - Гүлбаршын образдарын атауға болады. Соңғы аталған спектакль жиырма жылға жуық уақыт бойы репертуардан түспей, әлі күнге көрермен көңілінен шығып келеді.

Талант иесі сонымен қатар, көптеген фильмдерге түскен. Ол «Қырғызфильм» түсірген «Көктөбедегі кездесу» киносында - Ануар, «Қазақфильм» киностудиясының «Зять из провинции» фильмінде - Софа, «Әурелеңде» - Балымша, «Город мечты» фильмінде - Ғазиза, «Менің күнәлі періштем» кинокартинасында - Әйел, «Балкон» фильмінде - көрші, «Оралман апа» сериалында - Оралман апа образдарын жасап, киносүйер көрермен көптің сүйіспеншілігіне бөленген.

Лидия Кәден сондай-ақ, республика жұртшылығына «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы да кеңінен танымал. Ол театрмен қатар ел өміріндегі түрлі мерекелік шараларға да қатысып, думан-концерттерде ән салып, ел мәдениетіне өз үлесін қосып, театрдың қоғамдық істеріне де үнемі белсене араласып келеді. Өнер иесі сонымен қатар, «Қазақстан» Ұлттық арнасының «Екі жұлдыз» жобасының бірінші шығарылымына қатысып, телекөрермендер назарына соңғы ең үздік үштік қатарынан көрінген әнші ретінде танымал.

Лидия Кәденнің театр сахнасындағы жемісті қызметі мен актрисалық жетістіктері еленіп, 1991 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі» атағына, 2005 жылы ел мәдениетінің өркендеуіне қосқан орасан еңбегі ескеріліп, Президент Жарлығымен «Құрмет» орденіне ие болды. Бүгінде Лидия Кәден - республикаға танымал өнер тұлғасы.

Кештің басталуы сағат: 15.00 -де.