«Наурыз мерекесі мен 27 наурыз - халықаралық театр күніне орайластырылып осымен 16 рет дәстүрлі фестиваль ұйымдастырылып отыр. Бұл шара - театрдың бүгінгі бағыт-бағдарын анықтауға, репертуар саясатындағы өзіндік ізденістер мен драматургия, режиссура, актер өнеріне шабыт беріп, олардың жаңа қырынан танылуына мүмкіндік береді», - дейді аталған театрдың директоры Есмұхан Обаев.
Сонымен қатар ол биылғы шарада актерлік шеберлікке аса мән берілетіндігін және 5 аталым бойынша марапаттау рәсімі өтетіндігін айтып өтті. Сондай-ақ мәдениетке қолдау көрсетіп, театр жайында үнемі жазып жүрген журналистер де марапатқа ілінетіндігін жеткізді.
«Биыл Ы.Ноғайбаевтың туылғанына 80 жыл толады. Сол мерейлі тойдың беташары ретінде осы фестивальмен бастап, күзге қарай театрымызда тойын өткізбекпіз. Ол кісі қазақ киносында, қазақ теледидарында, Әуезов театрын әлемдік деңгейде танытқан көрнекті актер», - деп атап өтті өз сөзінде Е. Обаев.
28 наурызға дейін өтетін фестиваль репартуарында "Абай", "Еңлік-Кебек" трагедиясы, "Үйлену", "Қылмыскерге куәлік", "Күлеміз бе, жылаймыз ба?" комедиялары бар. Көрермендер қызығып көретін бұл қойылымдардың алғашқысы өткен маусымның премьерасы болса, соңғы төртеуі осы 85-маусымның премьералары екен.