ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен, Халықаралық театр күні аясында осымен он екінші рет өткізіліп жатқан шараға Ресей Федерациясы мен Польша мемлекеттерінің еңбек сіңірген өнер қайраткері, мәдениет пен өнер саласындағы Мәскеу сыйлығының лауреаты, Мәскеу журналистер одағы сыйлығының иегері, «Театральная жизнь» журналының бас редакторы Олег Иванович Пивоваров, театртанушы, режиссер, өнер кандидаты Александр Смольяков, сонымен қатар Қазақстан театрларының бас режиссерлері, директорлары мен көркемдік жетекшілері және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері қатысуда.
Биылғы практикум «Қазіргі заман театрларындағы дәстүрлер мен жаңашылдық» және «Театр сыны мен оның заманауи театр үрдісіндегі алатын орны» тақырыптарына арналған. Шара барысында ресейлік қонақтар аталмыш тақырыптар бойынша дәріс оқитын болады. Практикум жұмысы аясында, сондай-ақ Қазақстандағы театрлардың дамуы, бет-алысы, бүгінгі жеткен жетістігі айқындалып, кемшін тұстары сараланады, еліміздің театр өнері саласында қордаланған өзекті мәселелер талқыланатын болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты- театр өнерінің мәселелері бойынша тәжірибе, пікір алмасу, театр қызметінің жаңа бағыттары, тәсілдерімен танысуға мүмкіндік жасау болып табылады.
Практикум аясында Д.Исабековтың «Жаужүрек» (реж. Е.Обаев), Т.Теменовтің «Карменсита» және Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» (реж. Т.Теменов) спектакльдерінің көрсетілімі жоспарланған.
Шараның ашылу салтанатында практикум қатысушыларын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қышқашбаев құттықтады. "Министрліктің жұмысы Қазақстанның театр өнерін әрі қарай дамытуға және әлемдік мәдени кеңістікке кіруіне ықпал етуге бағытталған. Театр сан салалы әрі тым күрделі болғандықтан, оның мәселелерінің де көп болуы заңды. Практикум барысында еліміздің театр өнерін дамытудың басты бағыттары мен театр саласында туындаған өзекті мәселелерді шешуге қатысты ойларыңызды ортаға салады деп сенемін. Біз де өз тарапымыздан ұсыныстарыңыздың іс жүзінде асуына үлесімізді қосуға ат салысамыз",-деді ол.
Практикум жұмысы 29 наурызға дейін жалғасады.