Алматыда терактіден қаза тапқан полицейлермен қоштасу рәсімі өтіп жатыр

ҚР ІІМ Алматы қалалық МКҚБ ММ-нің терактіде қаза тапқан 42 жастағы полицейі Аян Ғалиевпен қоштасу рәсімі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында таңғы сағат 9.00-ден бастап өтіп жатыр. 

Полицияның кіші сержанты, ІІД ЖПҚ полкінің полицейі 25 жастағы Мақсат Сәлімбаевті Алматы облысы Қаракестек ауылында жерлейді. Ал полиция капитаны, ІІД ӘПБ жол-патрульдік полициясының өзіндік қауіпсіздік қызметінің аға инспекторы, 28 жастағы Бауыржан Нұрмаханбетов Жамбыл облысы Қордай ауылында жерленеді. Сонымен қатар, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 23 жастағы қызметкері Азамат Әзімжанов бүгін Алматы облысы Панфилов ауданы Пиджим ауылында жерленеді.

Еске салайық, 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарына шабуыл жасалды. Қазіргі уақытта Алматыда "Жедел ұстау" арнайы жоспары жарияланды. Осы орайда полицейлер тұрғындарға үйлерінен шықпауды өтінген. Қаладағы барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Үш полиция қызметкері және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Шабуыл жасағандардың екеуі ұсталды", - делінген Алматы ІІД таратқан ақпаратта. Сонымен қатар, Алматыда террорлық қауіптің "қызыл деңгейі" жарияланып, кейін бұл режим алып тасталды. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың өкілдері қаладағы шабуылдарды бір ғана адамның жасағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында бүгін Алматыда болған атысты 
теракт
 деп атаған болатын.

Айта кетейік, терактіден қаза тапқандардың отбасына 15 миллион теңгеден, ал зардап шеккендердің отбасына бес миллион теңгеден берілетін болды.