Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, № 2 дәріхананы тексеру барысында дәріхананың Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етілмеген және тіркелмеген дәрі-дәрмекті сатып келгендігі белгілі болған. "Дәріхананың басшысына 163 800 теңге айыппұл салынып, дәрі-дәрмектер тәркіленіп, дәріхана жұмысы екі күнге тоқтатылды",- деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер. Осы тектес заң бұзушылықтар "Лионесс" ЖШС іс-қызметінде де анықталған, оған 327,5 мың теңге айыппұл салынып, дәрі дәрмектері тәркіленіп, іс-қызметі үш күнге тоқтатылған.
Сонымен қатар баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Орталық дәріхана+" ЖШС 15 түрлі тіркелмеген дәрі-дәрмек сату дерегі анықталған. "Аталмыш дерек бойынша материалдар сот қарауында жатыр",- деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.
Сонымен қатар, прокурорлық тексеру барысында, "Тено Фарм" ЖШС пен "Пан-Фарма" ЖШС жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі -дәрмектер сатқандығы белгілі болған. "Техно Фарм" ЖШС төрт түрлі дәрілерді сақтауда температуралық сақтау режимін бұзған, сондай-ақ қойма ғимараттарында белгілі бір ылғалдықты сақтайтын құрылғылар жоқ, желдеткіш жүйесі орнатылмаған. Осындай заң бұзушылықтар "Борух" ЖШС іс-қызметінен де анықталған. "Прокуратура Алматы қаласының фармацевтикалық бақылау басқармасына дәрі-дәрмектерді көтерме бағамен сататын аталмыш ЖШС іс-қызметін тоқтату туралы ұсыныс енгізді",- деп атап көрсетті баспасөз қызметіндегілер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті