Алматыда транзит жөніндегі халықаралық бас қосуға дайындық комитетінің отырысы басталды

БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, бүгінде дүниежүзінде теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ 30 ел бар. Бұл елдерді Жер шары тұрғындарының 4 проценті мекенденетініне қарамастан олардың Жалпы ішкі өнімі бүкіләлемдік көрсеткіштің 0,3 процентін құрайды. БҰҰ тарапынан жүргізілген зерттеулерге сәйкес, теңізге шыға алмау салдарынан елдің экономикалық даму қарқыны 0,7 процентке кемиді екен. Сондай-ақ, 2002-жылғы адам даму көрсеткіштері бойынша ең төменгі көрсеткіштер тіркелген 12 мемлекеттің 9-ы теңізге шыға алмайтын елдер қатарында.

28-29-тамызда Алматыда өтетін халықаралық конференцияға қатысушылар теңізге шыға алмайтын дамушы мемлекеттерге қолұшын беру саласында ғаламдық әріптестікті жандандыруға, транзиттік-тасымал инфрақұрылымын дамыту арқылы теңізге шыға алмайтын мемлекеттердің әлемдік шаруашылық байланыс жүйесіне қатысу мүмкіндігі мен ролін арттыруға жол ашады деген үміт бар. Конференцияда континенттік мемлекеттердің барлық көлік түрлерімен теңізге ешбір кедергісіз шығуын қамтамасыз етуге , инфрақұрылымды дамытуға, тасымал жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға, транзитті тасымал саласындағы саясатты жетілдіруге қажетті шаралар келісілмекші.
Атап айтсақ, барлық түрлі тасымал құралдары арқылы көршілес мемлекеттердің аумағы арқылы теңізге шығуға жағдай жасауға, транзит дәлізінің көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізуге, шекарадан өту құжаттары мен процедураларын унификациялап өзара жеңілдетуге, аталмыш жобаларды қаржылық және техникалық қамтамасыз етуге халықаралық ұйымдар мен донор-елдер тарпынан көрсетілетін көмек ауқымын арттыруға жағдай жасалады деп күтілуде.