Алматыда тұғырдан шаңғымен секіруден Құрлықтық кубок жарысы өтеді

Спорт және туризм министрлігі қысқы Азиада ойындарының бағдарламасына енгізілген спорттың барлық түрлері бойынша сынақ жарыстарының тізбесі бекітілгенін атап өткен ол, «алғашқы сынақ жарыс қыркүйектің 23-і мен 26-сы аралығында Алматыда тұғырдан шаңғымен секіру бойынша Құрлықтық кубок үшін өтеді», деді.

Сонымен қатар Комитет төрағасының атап өтуінше, қазіргі уақытқа аталған жарысқа дайындық барысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Оған қатысуға 8 елден 48 спортшы ниет танытып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылғы Азиаданы Алматыда өткізу жөніндегі шешім 2006 жылғы қаңтардың 5-інде Куәйтте қабылданған болатын. Одан кейін 2007 жылғы қазанның 29-ында Макаода өткен Азия олимпиадалық кеңесінің 51- сессиясында осы ұйымның атқарушы комитетінің мүшелері Азиаданы Алматымен қоса Астанада өткізу туралы Қазақстан тарапының өтінішін қанағаттандырды.

Бағдарлама бойынша конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шаңғы, биатлон, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, допты хоккей (бенди), қысқы спорттық бағдарлау сынды спорттың 11 түрінен жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Допты хоккей және қысқы спорттық бағдарлау сынды спорт түрлерінен жарыстар оларға төрт елдің командалары қатысу туралы өтініш берген жағдайда ғана өткізіледі. Спорттың екі түрінен, атап айтқанда конькимен жүгіруден, ерлер арасындағы допты хоккейден жарыстар Астанада өтеді. Азиадада спорттың 11 түрінен барлығы 59 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарысқа Азияның 40-тан астам мемлекетінен 3 мыңға жуық спортшы қатысады, сондай-ақ жоғары лауазымды қонақтар, Азия елдерінің басшылары, Халықаралық олимпиада комитетінің, Азия олимпиадалық кеңесінің және халықаралық федерациялардың басшылары келеді деп күтілуде. VII қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі 2011-інші жылғы қаңтардың 30-ында, жексенбі күні Астанадағы жаңа жабық стадионда болады. Ал жабылу салтанаты және Азиада туын тапсыру рәсімі 2011 жылғы ақпанның 6-ында Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында өтеді.