Алматыда тұңғыш рет француз фотография тарихынан сыр шертетін көрме ашылды

Қазақстандағы Франция Елшілігі мен Алматы Француз Альянсының ұйымдастыруымен ашылған көрмеге бүкіл әлемге аты шыққан Ман Рей, Дюшан, Дуано, Карьте-Брессон сынды француз фотографтарының мыңдаған суреттерінен іріктелініп алынған ең үздік 100-ден аса туындылары қойылған. Көрмеден 1827 жылдан бүгінгі күнге дейін түсірілген фотосурттерді көруге болады. Әр фотосуретте суреттің тарихы мен авторы жайында қысқаша анықтама берілген.

«Ұсынылған фотосуреттер Франция Ұлттық кітапханасынан, дОрсе мұражайынан, сондай-ақ, Париждегі Помпиду Орталығынан алынды. Арасында жеке коллекциялардан алынған суреттер де бар. Мұндағы қойылған фотосуреттер ең таңдаулы деген суреттер екендігін атап өткім келеді. Ол кадрлар Францияда екі ғасыр бұрын дүниеге келген фотография тарихымен және оның технологиясымен ғане таныстырып қоймай, Франция елі тарихымен, оның халқымен және Париж қаласы тарихымен де таныстырады. Мысалға, фотосуреттер арасынан 1871 жылғы Париж Коммунасы, 1944 жылы Парижге келген генерал де Голльді алғаш салынып жатқан Эйфель мұнарасын, тіпті, ІІІ Наполеон кезіндегі суреттерді де көруге болады», - деді Қазақстандағы Франция Елшілігінің Мәдениет бойынша Атташесі Бенедикт Брюнэ.

Алматы Француз Альянсы директоры Жанар Қонаеваның айтуынша, бұл көрме дүниежүзінің біраз елдерін 2008 жылдан бері аралап келе жатыр. «Елімізге дейін көрме Ресейде қойылды. Енді, Алматы қаласынан, қаңтардың 9-ынан кейін Бакуге жол тартады»,-дейді ол.

Оның айтуынша, бұл көрме Францияның Мәдениет Ұлттық Агенттігінің жобасы болып табылады.

Көрме жұмысы 2012 жылдың қаңтар айының 9-ына дейін жалғасатын болады.