Алматыда тұңғыш рет қағаз қиындыларынан жасалған бірегей сурет көрмесі ашылды

Аталмыш техникада алғаш рет өнерсүйер қауым назарына ұсынған туындылардың авторы әуесқой жас суретші - апликатор Зарина Яязова.

Көрмеге жас шебердің қолынан шыққан 33 туынды қойылған. Суреттердің көпшілігі құпияға толы әйел бейнесіне арналған.

«Алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып отырған көрмеме 2005 жылдан бастап салған туындыларым қойылған. Бұл өнер жолына келуіме өзімнің туған жерім Шымкенттегі «Арт Дизайн» мектебінде дәріс берген Татьяна Федоровна есімді ұстазым ықпал етті. Негізін, жасалу техникасын сол ұстазым үйретті десем болады. Ал, кейіннен өз стилім ізденістен келді. Ұсақ қағаз қиындыларынан кескіндемелік бейнелерді жасаумен 8 сыныптан бері айналысып келемін. Ал, өзім негізінен аудармашы болып жұмыс істеймін. Бұл мамандықты қойып, өнерге толығымен бет бұрғым келеді. Арманым түрлі байқауларға қатысып, балаларға әлемнің еш жерінде жоқ, бұл өнер түрін үйреткім келеді. «Әлемнің еш жерінде жоқ» деуіме себеп, ғаламтордан бұл өнер түрімен кімдер айналысады екен?, кімнен тәжірибе алсам? деп мен сияқты өнер адамдарын іздеген едім, бірақ өкінішке орай, ешбір суретші-апликаторды таба алмадым. Сондықтан, өз қиялыммен жасаймын. Егер табылып жатса өте қуанар едім. Менің туындыларымды сатып алушы еуропалықтар да «мұндай туындыны әлемнің еш жерінен көрген емеспіз» дейді. Кім біледі?, бәлкім бар шығар...»,-деді жас суретші - апликатор Зарина Яязова.

Көрме жұмысы 14 ақпанға дейін жалғасады.