Алматыда тұңғыш тифло-түсініктемесі бар кино көрсетілді

«Кинопарк» кинотеатрында өткен сеансқа көзі нашар көретін және тіпті көрмейтін 100-ден аса адам жиналды. Оларға экранда болып жатқан әрекеттер жайында тифлотүсініктеме беруші әңгімелеп отырды.

«Жалпы тифло түсініктеме беру - фильм жайында экрандағы бейнекөріністерге сипаттама бере отырып әңгімелеу. Яғни, нашар көретін немесе тіпті көрмейтін көрермен осы арқылы кинофильм немесе қандай да бір телебағдарлама туралы барынша толыққанды түсініктеме алады. Егер батыста субтитрі, тифло түсініктемесі бар кинофильмдер, телебағдарламалар көп таралса, бізде бұл бірінші рет қолға алынып отырған жоба» - деді өз сөзінде бүгінгі көрсетілімге мұрындық болған «Өнер баршаға ортақ» атты акцияны жүзеге асырушы «Аржан» қоғамдық қорының атқарушы директоры Қасиет Омарова.

Бүгінгі кино көрсетілімге сонымен қатар, фильмді жасаушылар, кино саласының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Акция аясында көздері нашар және тіпті көрмейтін азаматтар және басқа да мүдделі тұлғалар тарапынан Қазақстан Президентіне, Үкіметіне, мәдениет және өнер қайраткерлеріне елімізде фильмдерге, спектакльдерге және басқа да телебағдарламаларға тифло түсініктеме жасау туралы үндеу жолданды.


Бүгінгі таңда, елімізде көру қабілеті нашарлаған 680 мың адам өмір сүреді екен. Олардың 20 мыңы көру қабілеті нашар жандар.