Р.Түсіпбековтың айтуынша, Алматыда ипотекалық тұрғын үйді заңсыз алуға қатысты 150 дерек белгілі болды. 85 адам білім беру, 22 адам денсаулық сақтау саласының қызметкерлері ретінде, ал 43 азамат өзге мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері деген жалған құжаттармен пәтерге ие болған.
Осындай жағдай ҚР Бас прокурорының деректерінше Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында тіркелген.
Бас прокурордың баяндамасын тыңдаған президент Н.Назарбаев қатты наразы болды. "Мемлекет бар күш-жігерін аямай, қаржы бөліп баспанасы жоқтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің қамында. Ал мемлекеттк қызметкерлердің пәтері немесе жеке меншік үйі бола тұра, мемлекет есебінен арзан үйлерге қол салуда. Мұндай адамдар қалай ғана жер басып жүр екен?",-деді Н. Назарбаев.
"Біз әлеуметтік баспана құрылысын дамыту бағдарламасын шындығында мұқтаж жандар үшін дамытып жатырмыз. Мұқтаж мүгедектер, табысы төмендер, көп балалы отбасылар үшін. Ал олардың есебінен кім қарық болып жатыр? Бұларды кім қадағалап отыр? Мұндай заң бұзушылықтарға жол бермейтін қала мен облыс әкімдері қайда қарап жүр? Бұл оқиғалар облыстардың өзінде неге жария етілмейді?",-деп баса айтты Елбасы.
Сонымен қатар, республиканың Бас прокуроры салық тәжірибесіне қатысты тағы да бірқатар заң бұзушылықты атап берді. Р.Түсіпбековтың айтуынша, ҰҚК Алматы тұрғын үй департаменті директорының үстінен қылмыстық іс қозғаған. Ол мемлекеттік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы аясында пәтер кезегінде тұрғандардан құжаттарды тездетіп кезектен бұрын пәтер алу үшін пара алған деген айыпқа тартылып отыр. Қылмыстық іс айыптау қорытындысымен бірге прокуратураға жіберілді.
Сонымен қатар, ҚР бас прокурорының айтуынша, лауазымды тұлғалардың елде жүріп жатқан мүлікті жария ету науқаны барысында пара бопсалағаны туралы деректер анықталған. Қазіргі кезде Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары С тергеуде отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті