Ағаштары тербеліп, гүлдері жайқалған бұл алаңқай аудан тұрғындарының сүйікті демалыс орны. Алайда бүгін мұнда олар қыдыру үшін емес, наразылықтарын білдіру үшін жиналды. Жайнаған бақты әкімдік жайратып салады екен дегенді естіген жұрттың түн ұйқылары төрт бөлінген.
Татьяна Осетрова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Иә, біз дабыл қағып жатырмыз. Қаланың бас жоспарына сай, Байсейітова көшесін жаяу жүргіншілер үшін қайта жасайды екен. Оған қарсы емеспіз, жаңарта берсін. Бірақ, ағаштарға тимесін. Біз мұндағы ағаш түгілі, бірде-бір бұтақтың кесілуіне жол бермейміз.
Жасыл желекке жанашырлық танытқан жұрттың көңілі күпті. Есігінің алды қирап жататын болса, жайқалған гүлзардан айырылатыны бір бөлек, балалар ойнайтын алаңқай да жоқ болайын деп тұр. Осының бәріне қалайда тосқауыл болуды ойлаған олар араларына эколог Мэлс Елеусізовті қосып алыпты.
Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі:
-Тым жақсы тұрған аллея. Не үшін құртайын деп жатқандарын түсінбеймін. Жаяу жүргіншілер жолын саламыз десе, қалада қоқыс үйіліп жатқан жерлер жетеді. Сонда барып салмай ма?! Қырық жылдан бері өсіп тұрған үлкен ағаштарды кесіп, қопарып тастайтындай не жазығы бар?Тағы сол шенеуніктерге ақша жеудің амалы-дағы.
Ал әкімдік әдеттегідей үнсіз. Тек белгілісі, осы гүлзарды жаяу жүргіншілер жолына айналдыру жөнінде арнайы жоспар бар екен. Сол жоспар бойынша таяу күндері құрылыс басталмақшы екен. Талдарға қатысты қандай шешім қабылданғаны да сонда белгілі болады.
Loading...