Алматыда тұрғындар өзенді бүлдірген шенеуніктерге қарсы шықты

Кешегі күнге дейін мына Кіші Қарасу өзенінде балықтың бірнеше түрі болыпты. Ал қазір балық түгілі таза судың өзін көру мүмкін емес. Мұның барлығы шағын өзеннің арнасын таспен қоршап, абаттандырамыз деген жергілікті әкімдіктің ісі дейді тұрғындар.

Суы сирақтан әзер келетін Кіші Қарасудың бүгінде түбі көрінбейді. Арлы-берлі ойрандалған сазды топырақтың соры суға түсіп, көгеріп, борсып кеткен. Жан-жағын қоршаған жасыл өскін атаулы жайрап жатыр. Жағалауда өскен талды тамырымен жұлып, жерге көміп тастағаны да көзге шалынды.

Татьяна Явчук, Алматы қаласының тұрғыны:

-Осында балаларымызды алып келетінбіз. Шүйгін шөп, өзен, керемет болатын. Ал енді не істеп тастағандарын қараңыз. Қазір мұнда баламен қыдыру былай тұрсын, өзіміз келмейтін болдық. Бұл жердің жөнге келтіретін ештеңесі жоқ. Кәдімгі табиғи қалпында тұрғаны жақсы еді.

Тағы бір айта кетерлігі, өзен арнасынан аттам жерде тау-тау боп күл-қоқыс үйіліп жатыр. Арнайы техникалар ысырып әкеп, осы сайға таптай беріпті. Ал бұл қоқыс өзен суын қаншалық былғап жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Ең өкініштісі, көлемі шағын өзеннің суы осы қалпымен Қапшағай су қоямасына барып құяды екен.

Александр Пушкарев, Алматы қаласының тұрғыны:

-Табиғатты өз қалпында қалдырғанын қалаймыз. Бюджет қаржысын жұмсайтын басқа да жұмыстар табылар. Бала күнімізден осы жерде өстік. Төңіректегі тұрғындар болып осы өзенді мекен еткен аң-құсқа қорғаныш болып келеміз.

Телеарна келеді дегеннен кешелі бері бұл жерде жұмыс тоқтап тұр. Тұрғындардың жанайқайына қатысты жергілікті әкімдіктің пікірін білу де мүмкін болмады. Дегенмен, наразы топ бұл жерде жұмыстың қайта қызатынына сенімді. Тек сол кезде темір техникалармен қалай күресерлерін білмей дал.

Loading...