Аталмыш қор мерекені «Түркі әлемі» газеті, Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры, Алматы қаласы мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Іс шараның негізгі мақсаты - Қазақстанда өмір сүретін барлық халықтың достығын нығайту, шығыс күнтізбесі бойынша келетін дәстүрлі жаңа жылды қарсы алу, түркі халықтарының өзіне тән әдет-ғұрыппен, салт-дәстүрімен, ұлттық өнерлерімен таныстыру.
«Наурыз мерекесімен барша түркі халықтарын құттықтаймын. Біз қазір осында түркі халықтарының біразының басын қосып отырмыз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, мұнда ұйғыр, татар, әзірбайжан, түріктер, сондай-ақ, шет елден келген түріктер жиналып отырмыз. Ал, жақында президентіміз түркі халықтары президенттерінің басын қоспақ. Жиналған барша түркі халқын біріншіден ұлттық тыныштықты сақтап отырған Елбасы Н.Назарбаевты жеңісімен құттықтаймын. Сол ынтымақтың арқасында бүгінде, міне ұлттық мерекемізді тойлап отырмыз. Алдағы күндерде де тыныштығымыз нығая берсін!», - деді Түркі халықтары мәдени қорының президенті Ахмет Дағдұран.
Мереке аясында ұлттық ойын түрлерінен жарыс болды. Сондай-ақ, әр ұлттан құралған өнерпаздар өздерінің өнерлерін паш етті.