Қазір жаңбыр жауса бітті, ақбұлақтағылардың құты қашатын болған. Себебі, жауыннан кейін ми батпаққа айналатын жолдармен жүру мүмкін емес.
-Бұл елді мекендегі барлық көшенің сиқы осындай. Қай жаққа бұрылып бармасаңыз да жолдың бәрі ми батпақ. Сондықтан ауыл ішінде тұрғындар мынадай целофанның көмегімен ғана жүреді. Бұл қазір ауылдағы кең қолданыстағы заттың бірі.
Қайрат Ұзақбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
-Жас балалар мектепке барады. Бәріміз аяғымызға целофан киеміз. Орталық көше Шарипов көшесі сол ғана асфальт. Сол жерге барып, целофанды шешіп үйіп тастаймыз..
Биылғы жаздың басында осы ықшамауданның барлық көшесі қазылып, су құбырлары тартылған. Бірақ сол қазылған жолдар қалпына келтірілмеген. Оның үстіне тұрғындар суға да қарық бола қоймапты. Себебі, құбырлар дұрыс тартылмаған.
Бекжан Жапақов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Көшені қайтадан қазбақшы екен. Өйткені су құбырларының диаметрі жіңішке болып кеткен дейді. Бұны қайтадан қазатын болса, не болады сонда? Қазған кезде адамдардың барлығы машиналарын 1 шақырым қашықтықта қалдырады. Бұрын сөйткен кезде барлығын тонап кеткен. Оны кім қайтарады?
Ал аудан атқамінерлеріАқбұлақтағы жағдайға еш қатысы жоқтығын айтады. Яғни «су жүргіземіз деп, жолды құртқан біз емес, Алматы қаласының коммуналдық шаруашылық басқармасы» дейді. Дегенмен аудандағы коммуналшылар жол әйтеуір жөнделеді деп сендірді.
Ертіс Бейсенов, Алатау аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
-Ауа райы енді қолайлы болғанда қазылған жерлерге тегістеу жұмыстары жүргізіледі. Тас төселініп шұңқырлар тегістеледі. Ал, ендігі жылы жұмыс қалай толықтай аяқталады, Алматының автомобиль жолдары басқармасы асфальт төсейді.
Яғни бұл бүгін-ертең іске асатын шаруа емес.Жоспар бойынша, биыл басталған жұмыс келер жылы аяқталуы тиіс. Сондықтан ақбұлақтықтардың әлі де біраз батпақ кешуіне тура келетін сияқты.
-Көрген күніміз осы міне! Тастанды сияқтымыз.