Оқу жылы ың-шыңсыз басталады деп балаларын мектепке дайындаған мұқым ел бүгін білім ордасының ауласын торуылдап жүр. 300 оқушы білім алатын №156 мектептің астынан су шықты ма қайдам жаңа оқу жылына 1 апта қалғанда қақпасына қара құлып ілінген. 9 жылдық білім ордасында 2 ауысыммен оқыған оқушылар да сең соққан балықтай сенделіп жүр. Жарты ғасырдан астам тарихы бар мектепке ата-аналар асарлап өз қаражаттарына жөндеу жасаған екен. Әктепті, сырлап бүлінгенін бүтіндеп қойған. Алайда маңдай тер зая кетті.
Фатима Рақымова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бір апта қалғанда айтады, мына мектеп жабылды құжаттарыңның бәрі өткізілді Саялыға кетесіңдер дейді. Неге бір апта қалғанда біз кетуіміз керек, ол қай себеп, қай заң, қай жерде жазылған?! Айдалаға алып кетеді айдалаға кетіңдер дейді. 1 қыркүйек бүкіл жиналған ата-ана орыс қазағы осы жерге алып келеміз балаларды. Бізге олай айтатын біз ойыншық емеспіз, балаларымызбен ойнамасын, ата-ананың тағдырымен ойнамасын.
Ата-аналар айғайға басқанда тегінде аяқ тартып жүретін ұстаздардың да шыдамы шегіне жетті. Бас-аяғы 25 мұғалім жаңа оқу жылында қайда барып қызмет сұрарларын білмей дал. Көрші елді-мекендегі бірнеше білім ордасына таратылған оқушылардың артынан тек жартысы бара алады. Ал қалғандарының ертеңі беймәлім, өйткені барлық мектептерде сабақ сағаттары бөлініп қойған.
Гүлзада Қасқаева, №156 мектеп директорының орынбасары:
- Әр мұғалім өз сыныбымен барады бастауыш сыныптар, ол жақта да мұғалімдер бар. Жоғарғы сыныптарға сол жақтағы мұғалімдер де береді. Қосымша маман керек болса біздің мамандар да барады.
Шатақ шыққан білім ордасына биыл аттай 60 жыл толған. Бұған дейін бұл ғимаратқа тек жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген. Әлі күн ағаш едендер, ескі-құсқы есік-терезе мен қақыраған тас қабырғалар мұнда. Көктемде өктем сөйлеген төтенше жағдайлар департаменті бұл ғимаратты апатты деп тапқан. Алайда ата-аналар шаңыраға шайқалған білім ордасының жабылуына келіспек емес. Өйткені жаңа оқу жылында 300 оқушы көрші ауылдағы су жаңа мектептке ат арылтуға құлықсыз.
Мектепсіз қаңғырып қалған оқушылар Саялы ықшамауданындағы жаңа білім ордасына ауысуы тиіс, 1200 орындық мектепте былтыр тек 600 бала оқыған. Трудовиктегі балғындар сол санды еселей түспек. Ал аудандағы атқамінерлер бұл айла емес ақылды амал дейді. Өйткені Трудовиктегі қазіргі мектептің орнына жаңасы бой көтермек.
Маржан Балбаева, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:
- Ол мектептің орнына жаңа мектеп салу жоспарда бар. 2014-2015 жылға жоспарланған. Бірақ мектептің тұрған жерінде жер жетпеуіне байланысты қалалық басқарма жерді толық сатып алып мектеп салуды жоспарлап отыр. Әйтпесе 900 орындық мектеп салуға жер жетпейді.
Жер жеткізе алмай жаныққан басшылар Трудовиктегі 300 балаға арнап 4 автобус қарастырыпты. Жаңа мектепке келіп кетуге. Бірақ әрбір ата-ана ай сайын бала басына жол жүру билетін сатып алуға міндетті. Мұның бәрі жоспар, ал орта мектеп бүгіннен бастап қызметін толық тоқтатты.