Алматыда үйі өртенген отбасы далада түнеп жүр

Надежда Нагимжанованың жиған-терген дүниесін жалмаған өрт сенбіден жексенбіге ауған түні тұтаныпты. Бейқам жатқан отбасы мүшелері тек бесіктегі балаларын сыртқа алып шығып үлгерген. Қатарлас салынған 4 үй қожайындарының бірі күрделі жөндеу жұмысын енді аяқтаса, екіншісі баспанаға қол жеткізгеніне бір жыл да толмапты. Қайта жалын жапсарлас үйлерге жетпей өшірілген екен.

Надежда Нагимжанова, Алматы қаласының тұрғыны:

-Балаларды жуындырып, ұйқыға жатқанбыз. Үлкен қызым оятып, үй өртеніп жатыр деді. Сыртқа шыққан сәтте баспанамыз түгел жанып жатты. Көршілерді оятып үлгердім, олар өрт сөндірушілерді шақырды, өздері де әрекет етті.

Өрт сөндірушілер келген сәтке дейін көрші-қолан өз күшімен жалынның бетін қайтара алған. Аман қалды деген мүліктің ішінде жалғыз диван мен балалардың ойыншығы ғана бар. Жиған-терген дүниесін сыртқа шығармақ болған отағасы қолын оңбай күйдіріп алыпты.

Александр Билей
, Алматы қаласының тұрғыны:

–Бөлменің бірінде тұрған заттар жанып жатты. Бірден ыдысқа су толтырып, отты сөндірмек болдым. Ыдысқа қайтадан су толғанша диван жанып кетті. Барлығы қас қағым сәтте болды.

Құжаттардың да өртеніп кетуінен қазір жас отбасы әкімдіктен көмек сұрай алмай отыр. Сондықтан әзірге Надежда екі баламен туысқандардың үйін пана етуде. Ал қолының күйгендігіне қарамастан Александр жанып кеткен үйді қалпына келтіруге әрекеттеніп жүр. Ішін тазалап, енді қайырымды жандар құрылыс материалдары мен киім-кешекпен болса да көмектессе дейді. 

Loading...