Алматыда үйлерін топан су басқан тұрғындар көмексіз қалғанына ашынды

Бұл туралы "КТК" арнасы хабарлайды.

Баспанасы төбеден сорғалаған суға толған тұрғындар барлық дүние-мүлкі жарамсыз боп қалғанын айтады. Тіпті, олар қонатын жер таппай, туыстарын жағалап жүр. Қарашаның қара суығында тығырыққа тіреген жағдайға пәтер иелері кооперативін кінәлаған тұрғындар полицияға арыз түсіріпті.  Себебі, 3 жыл қатарынан қайталанған оқиғаның тағы да қылаң бермесіне ешқандай кепілдік жоқ дейді шыдамы шегіне жеткендер.

Қара суықта қарашаны әбден әлекке салған көрініс бұл. Толарсақтан су кешкендер шелек пен тегешті кезек тосып, тоқтаусыз жүгіріп жүр. Тіпті, пәтерді су басқанда сыртта жүрген иелері керек-жарағын жиыстырып үлгермеген.

Ажар Қонаева, тұрғын:

- Үйге келсем, кішкентай балаларым су басып жүр. Шелектеп жаңбыр жауып жатқан секілді үйді су алып кеткен.

Тұрғындар мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтеріп, қолымыз әрең жеткен баспананың қызығын көреміз деп жүргенде зардабына шаш етектен батқанын айтады. Себебі, ипотекаға алынған пәтерлер осымен 3 жыл қатарынан су астында қалыпты. Енді амалдың жоқтығынан өз үйімізден безуге мәжбүрміз дейді.

Дамира Панова, тұрғын:


- Жататын жер жоқ. Баланы үй су болған соң туысқандардың үйіне жібердік. Төсектің бәрі су. Гипсокартон қисайып кеткендіктен қабырғалар құлайын деп тұр.

Қыстың көзі қырауда төбеден аққан сумен алысқандар барлығына салғырт қарайтын пәтер иелері кооперативі кінәлі дейді. Алайда тұрғын үйге техникалық қызмет көрсетуге жауапты Асхат Ахметовтің айтуынша, шатырдағы құбырдың кейбір бөлігінде су қатып қалған.  Ал күн жылынғанда бірден істен шығыпты.

Асхат Ахметов, «Гаухар» ПИК төрағасының орынбасары

- Орамал кептіргішке ыстық су келетін құбыр. Бірақ, оны қосатын кезде тұрғындарды жинау қиын. Кіре беріске хабарландыру іліп қойсақ та, бір уақытта ешкім жиналмады. Сөйте тұра орамал кептіргішке ыстық су қосыңдар деп өтінеді. Шүмекті бітеп тастаған. Десек те пәтерлерді кептіріп, ортақ тіл табысамыз деген ойдамын.

Алайда, шыдамы шегіне жеткен тұрғындар полицияға арыз түсіріпті. Осылайша пәтерге жайылған судан келген шығынды өндіріп алмақ. Бірақ баршамызды әбден титықтатқан оқиғаның тағы қылаң бермесіне кепілдік жоқ дейді олар.