Алматыда Үлкен Алматы айналма жолының салынуына қатысты жиналыс өтті

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) жобасын әзірлеуге көлік және коммуникациялар жөніндегі ғылыми-зерттеу институты қатысқан. Бірінші санаттағы 6 қатарлы автокөлік жолының ұзындығы 64,85 шақырымды құрайды. Жобаға сәйкес, 14 көпір, екідеңгейлі 8 көлік түйіні және темір жол арқылы өтетін екі өткізгіш жол салыну жоспарлануда. Сондай-ақ, жекелеген электр желілерін көшіру, су құбырларын, канализация жүйелерін қайта құру және басқа да бірқатар іс-шаралар қарастырылған.

ҮАААЖ-мен республикалық маңызы бар 5 жол, жергілікті маңызы бар 14 жол және 8 дала жолымен қиылысады. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар Алматы - Екатеринбург автомобиль жолы бойынша транзиттік жол өтеді.

Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіі әзірленіп, топырақ қорына шолу жасалды.

Бұл жоба ҚР үкіметінің 2006 жылдың 28 қарашасындағы қаулысына сәйкес концессия механизмі аясында жүзеге асыруға ұсынылып отырға нысандар тізіміне қосылған. ҮАААЖ жобасы мемлекеттің индустриалдық-инновациялық саясатының міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған.

Бүгінгі жиналыс барысында жол салуға және жер бөлуге қатысты бірқатар өзекті мәселелер өз шешімін тапты. Сондай-ақ, жобалық-сметаның құжаттамасын әзірлеу мерзімі бекітілді.

Министрлік бұл жобаны жүзеге асыру автокөліктердің негізгі ағымын ҮАААЖ-ға бағыттап, Алматы көшелеріне түсетін ауыртпалықты тиімді жеңілдетуге мүмкіндік береді деп түсіндіреді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті