Алматыда Ұлы Отан соғысында қаза болғандардың құрметіне сюита орындалды

Классикалық туынды Алматы симфониялық оркестрінің «Сарбаз тағдыры» қайырымдылық концертінің барысында тыңдарманға жол тартты.

Тақырыптық композицияның авторы - композитор Сайрамбек Жексембі (Сайраш), дирижері - ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Беляков, өңдеуші - Евгений Журкин. 

Сюитада 20-30 жылдардың басындағы ашаршылықты басынан өткерген соғысқа дейінгі ұрпақтың арасынан Қазақстаннан шыққан жауынгердің тағдыры бейнеленген.

«Бұл туралы айтудың керегі жоқ. Оны тыңдау керек. Бұл ізденісті адамның туған еліне деген, туған тарихына деген музыкалық көзқарасы деп түсініңіздер. Бұл - әрқайсымыздың соғысты музыка арқылы түсінуіміз. Сюита жауды жеңуде ерлік көрсетіп, үйіне оралмаған боздақтардың өмірін көрсетеді», - деді А.Беляков.

Сюитаны әуезді музыкамен қоса деректі және көркем фильмдерден алынған бейнедеректер толықтыра түсті. Айта кету керек, музыкалық шығарманы алматылық тыңдарман жылы қабылдады.