Оқиға 8 тамыз күні түнгі сағат 00:40 шамасында орын алған. Қызды үйден алдап шығарған жігіттер оны алып қашыпты. Алайда жолда Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бірлік ауылына жақындаған тұста жастар мінген ВАЗ-2114 көлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, жүк көлігімен соғысқан. Көлікте болған бес адамның төртеуі оқиға орнында көз жұмды. Тек, жәбірленген қыз ғана аман қалып, түрлі дене жарақаттарымен аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
Ауыр халде жатқан Әлия бүгін есін жиып, оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
«Мені далаға алдап шығарды. Адасып кеткендерін айтып, көмек сұраған болатын. Мен олардың көлігіне отырғым келген жоқ. Бірақ мені күшпен отырғызып, аяқ-қолымды жібермей ұстап отырды, жарақат салған жоқ. Мен «күйеу жігіт» пен көлік тізгінінде болған баланы ғана танитынмын. Қалған екі жас жігіт бейтаныс болған. Мен олармен достық қатынаста болған жоқпын, жай ғана танитынмын. Апат болмаған жағдайда да мен ол жігітке күйеуге шықпас едім, сол күні үйге қайтар едім. Оның есімі Бақытжан, жасы 28-де. Ал, көліктің тізгінінде болған жігіт Алматының көші-қон полициясында жұмыс істейтін. Мені алып қашып келе жатқанда ол спирттік ішімдік ішіп отырды. Мен келіспегендіктен олар мені тезірек үйлеріне алып келгісі келді. Сондықтан тым жылдам жүрді. Жүргізуші жиі жолдың қарсы бағытына шығып, басқа көліктерден озып отырды», — деп еске алады Әлия.
Айта кетсек, бұдан бұрын Әлияның үлкен ағасы Аркен Махмут та көліктің тізгінінде болған жігіттің полицей екенін айтқан болатын. Алайда, Алматы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі бұл мәліметті жоққа шығарған еді.