Алматыда волейболдан «ҚР Президенті кубогы" үшін XVIІ халықаралық турнирі өтеді

Оны Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық волейбол федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі бірігіп ұйымдастырып отыр. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл байрақты бәсеке Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындары қарсаңында жүргізілген күрделі жөндеу жұмысынан кейінгі ең алғашқы жарыс болмақ. Онда ерлер арасында Алжир, Иран, Қазақстан, Ресей және Тунис, ал әйелдер арасында Алжир, Қазақстан, Қытай мен Украина командалары сайысқа түседі.

Айналым жүйесі бойынша өтетін жарыс әйелдер арасында Украина ұлттық құрамасы мен Қытайдың "Джиангсу" волейбол клубы және Қазақстан мен Алжир ұлттық құрамалары арасындағы ойынмен басталады. Ал ерлер арасында алғашқы күні Алжир ұлттық құрамасы мен Ресейдің "Локомотив-Изумруд" командасы, Тунис пен Иран және Қазақстан ұлттық құрамасының 1-2 құрамы өзара кездеседі.