Алматыда волейболдан ҚР Президенті Н.Назарбаевтың кубогы үшін халықаралық турнирі өтеді

Оны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Волейбол федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл спорт додасына биыл Қазақстан, Беларусь, Иран, Қытай, Үндістан, Тунис елдерінің ұлттық құрамалары мен Ресейдің Новый Уренгой өңірінен «Факел» волейбол клубы қатыспақ. Ал биыл Қазақстанның қос құрамасы да жеребе бойынша іріктеу кезеңінде «А» тобында Қытай мен Тунис волейболшыларымен сынға түсетін болды. Иран, Беларусь Ресей және Үндістан спортшылары «В» тобында өнер көрсетпекші. Жарыс Үндістан құрамасы мен Ресейдің «Факел» волейбол клубы арасындағы ойынмен басталады. Бәсекенің ресми ашылу рәсімінен кейін «Қазақстан-1» мен «Қазақстан-2» өзара сайысқа түсетін болды. Турнир жеңімпаздары 27-тамыздағы ақтық сында белгілі болмақ.