Ұлттық өнерге сіңірген ерекше еңбегі үшін ол 1958 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі, 1966 жылы Қазақ КСР халық артисі атанып, 1958 жылы «Құрмет белгісі», 1981 жылы «Халықтар достығы», 2005 жылы «Отан» ордендерімен марапатталған болатын. 1953 жылдан бері М. Әуезов атындағы драма театрында үзіліссіз қызмет жасап келе жатқан Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы 100-ден аса бейнені сахнаға алып шықты.
Олардың ішінде М.Әуезовтің "Айман-Шолпанында" Айман, «Қарагөзінде» Қарагөз, Ғ.Мүсіреповтің "Ақын трагедиясында" Ақтоқты, Қ.Мұхамеджановтың "Жат елде" драмасында Ева Браун, Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестерінде» Дәмеш, Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!» комедияларында Нұрсұлу, С.Жүнісовтің "Ажар мен Ажалында" Ажар, Д.Исабековтің "Әпкесінде" Қамажай, А.Бекбосынның «Соңғы сезімінде» Ана, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша...» комедиясында Сәлима, Шекспирдің «Отеллосында» Дездемона, «Ричард Ш»-де Патшайым, Горькийдің «Күннен туғандарында» Елена, В.Дельмардың «Өкінішті өмірінде» Анита, Л.Зориннің «Варшава әуендерінде» Гелена, М.Метерлинктің «Соқырларында» Соқыр әйел рөлдері бар. Сан қырлы өнер иесі кино өнерінде Ш.Аймановтың "Дала қызында" Нұржамал, "Біз осында тұрамызында" Дина, Қ.Әбусейітовтің "Өмір жолында" Хадиша, Б.Шәріптің «Заманай мен Аманайында» Ананы сомдады.
Сондай-ақ көркемсөз оқудың хас шебері радио мен телевидениедегі көптеген шығармаларды орындады. Мысалы С.Сейфуллиннің "Аққу әні", М.Әуезовтің "Абай жолы" романы мен балаларға арнаған ертегілері қазіргі таңда Қазақ радиосының алтын қорындағы құнды байлыққа айналды.