Тұрғындарға 10 жылдай қызмет көрсетіп келген Абай-Масанчи қиылысындағы екі донер дәмханасы заңсыз салынғаны үшін сүріледі, деп хабарлайды BNews.kz.
«Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық сотының 2015 жылғы 29 шілдедегі қаулысымен жалпы аумағы 82,3 шаршы метр заңсыз бой көтерген нысандар мәжбүрлі түрде сүріледі», - деп түсіндірді істің мән-жайын Алматы әкімдігінің жанындағы сот орындаушысы Рақым Орымбаев.
Дәмхана қожайыны Майра Темірхан үшін иелегіндегі нысанның сүрілетіні күтпеген жаңалық болған.
«Донер желісінде 7 жылдай жұмыс істеп келемін. Бұл дәмхананы желтоқсан айында алдым. Қазір менің тек бір дәмханам қалды, онда 40 адам еңбек етеді, халық та жиі келеді. Жалға алу туралы келісім бекіткенде, заңсыз құрылыс жайында сөз болған жоқ. Өткен жылы дәмхананы сүру туралы сот шешімі шыққанын да естімедім. Ад енді дәмхананы сүріп жатыр», - дейді Майра Темірхан.
Донер дәмханасының қызметкерлері заңдастыру жұмысын былтыр бастағанын, барлық адамның қолын жинағанын, алайда жаңа әкімнің келуімен жерді сатуға және сатып алуға мораторий жарияланып, құжаттарды соңына дейін рәсімдеу мүмкін болмағанын айтып отыр.
«Әкімдікке жүгінгенде, бізге мораторийдың аяқталуын күтіңдер деп айтты. Бірақ ғимаратқа бұғау салынғанын ескерткен жоқ. Айыппұл да болған жоқ. Дәмхананың жұмысына одан әрі ақша салмай-ақ қойыңдар деп ескертсе болар еді. Нысанның сүрілетіні туралы енді ғана, 300 мың теңгеге әзірлік жасап қойғанда хабарлап отыр. Енді жалға берушімен соттасамыз», - дейді дәмхана жеткізушісі Ахмедбек Рахмонов.
Таяуда Алматыда тағы бірнеше заңсыз құрылыс сүріледі.
«Биыл сот қаулысымен заңсыз салынған 16 нысан сүріледі. Қожайындардың барлығы бұдан құлағдар. Қазір тұрғындардың шағымы бойынша дәмханалар желісі мен қала құрылыстарын тексеріп жатырмыз. Кәсіпкерлерді хабардар етеміз, ұсыныс айтамыз, егер олар оны сақтамаса, жауып тастаймыз», - деп атап өтті Алматы қаласы МСҚБ басқармасы тұрғын үй және тұрғын үй емес орынжайларды қайта жобалауды бақылау бөлімінің жетекшісі Олжас Төлебаев.