Алматыда зейнеткер әйел героин сатқаны үшін ұсталды

"Біз дүкенде стаушы болып істейтін қарт әйел есірткі сатады деген шұғыл ақпарат алдық. Полиция қызметкері сатып алушы ролін атқарып, "оперативтік сатып алу" тәсілімен 68 жастағы әйел 200 грамға жуық героинді сатуға әрекет жасаған кезде ұсталды", -деп Алматы қалалық ІІД есірткі саудасымен күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Кебекбаев.

Оның айтуынша, тексеру кезінде әйелдің сөмкесінен сатуға дайындаған ішінде героині бар орамалар салынған екі дорба табылды. Сөмкеде таңбалы ақшалар да болған.

"Ұсталған әйел бұрын да осындай қылмысы үшін істі болған. Қазір оның үстінен ІІД ҚР Қылмыстық кодексінің 259-бабы бойынша аса ірі көлемдегі есірткіні заңсыз сату жөнінде қылмыстық іс қозғалды", - деді Е. Кебекбаев.

ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жыл басынан бергі қарт адамдардың есірткі сату оқиғасы бойынша екінші дерек. Осыдан бір ай бұрын Алматы қалалық ІІД есірткі саудасымен күрес басқармасының қызметкерлері Медеу ауданында тұратын 60 жастағы әйелді ұстаған. әйелдің сақтығы соншалық, оны ұстауға тіпті "Арлан" арнаулы тобын да жұмылдыруға тура келген.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ағымдағы жылдың бес айында басқарма қызметкерлері есірткіге қатысы бар 500 қылмысты әшкереледі, оның 336 дерегі есірткі сатуға қатысты. Заңсыз айналымнан 200 килограмнан астам есірткілік заттар, соның ішінде 190 килограмм героин мен 17 килограмм марихуана шығарылды.