Алматыда жанар май кұю бекетіне қарулы шабуыл жасаған күдіктілер қолға түсірілді

"Таңғы сағат бесте ішкі істер департаменті басқармасының шұғыл орталық пультіне қаланың Бостандық ауданында тұрған жанар май кұю бекетіне шабуыл жасалғаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына келген шұғыл тергеу тобы анықтағанындай, 4 сағат 30 минутта жанар май құю бекетіне белгісіз бір үш адам кірген, оның біреуінің бет пердесі болған", -деді Алматы ІІД криминалды полициясы басқармасының тонау және қарақшылық шабуылдарды ашу жөніндегі бөлім бастығы полиция подполковнигі Мейірғали Әбікенов.

Оның сөздері бойынша шабуыл жасалған кезде бекеттің ішінде күзетші, оператор және кассир болған. Қарақшылар тапаншаны кезеп кассадағы ақшаны беруді талап еткен. Олар 380 мың теңге мен түрлі ұялы телефон компаниялардың карточкаларын алып қара түсті "Мерседес" көлігіне мініп кеткен.

"Қылмысты ашу үшін ІІД мен аудан бөлімшелерінің жеке құрамы жұмылдырылды. Тергеу кезінде бекеттің ішінде орнатылған бейне камералардың көріністері пайдаланылып, қылмыскерлерді табуға көмегін тигізді. Бір аптадан кейін шұғыл іздестіру шаралары кезінде екі күдікті қолға түсірілді. Олар біреуі 1986, ал екіншісі 1983 жылғы бұрын сотталған Алматы облысының тұрғындары болып шықты", - деді М. Әбікенов.

Қазір полиция қызметкерлері олардың осы жылы жанар май кұю бекеттеріне жасалған шабуылдарға қатысы барын анықтауда.

Сондай-ақ, соңғы шабуылдың үшінші қатысушысы болған 28 жасар Талдықорған қаласының тұрғынына іздеу салынды.

Жыл басынан бері қала аймағындағы жанар май құю бекеттеріне жеті қарақшылық шабуыл жасалып оның екеуі ашылды, деп хабарлайды Алматы ІІД баспасөз қызметі.