«Цесна» спорт клубында болған бұл шара дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Биыл да қолға алынған аталмыш жарыстың өтуіне Түрксіб аудандық әкімдігі мұрындық болды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатын көздейтін спорт додасы биыл Астана күніне және 7-ші қысқы Азия ойындарын насихаттауға арналып отыр. Маусымның 21-і күні басталған жарысқа Түрксіб аудандық №84, №85, №44 және №74-ші мектептердің 5-6-шы сынып оқушыларынан құралған командалар қатысты. Тартысты бәсекеде №85-ші мектеп оқушылары топ жарды.
Бүгінгі жабылу салтанатында сөз сөйлеген Түрксіб ауданының әкімі Владимир Устюгов жарысқа қатысушыларды құттықтап, жеңімпаз командаға кубокты табы етті. Сонымен қатар, үздік қорғаушы, үздік жартылай қорғаушы, үздік шабуылшы және үздік қақпашы атанған ойыншыларға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл дәстүрлі бәсеке келер жылы да жалғасын табады.