- «Алаш айнасы» мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі.
Жаяу Мұсаның әндері шырқалатын кешке Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Төлеутай, Тілеулес Құрманғали, Еркін Нұрханов, Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали сынды дәстүрлі ән өнерінің саңлақтары қатысады. Кеш барысында сондай-ақ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр өнері факультетінің студенттері сал-серілер өмірінен шағын қойылым көрсетеді. Сонымен қатар, кеште соңғы кездері мүлде айтылмай, тек мұрағаттарда нотасы шаң басып қалған Жаяу Мұса әндері орындалатын болады. Кешті Жаяу Мұса шығармашылығы мен өмірімен жақсы таныс өнертанушы, дүлдүл әнші Ерлан Төлеутай жүргізеді.
«Жобаның мақсаты - ұлттық музыка мен халық композиторларының тағылымды өмірін, қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттау болып табылады», - дейді ұйымдастырушылар.
Аталмыш шараны ұйымдастырушы - «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қаласында 2010 жылдан бері Біржан сал, Ақан сері, Мұхит әндерінен республикалық деңгейдегі концерттер ұйымдастырып келеді. Алдағы уақытта бірлестік «Сал-серілер мұрасы» атты жобасы негізінде Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Естай, Әсет, Мәди, Кенен әндерінен кеш өткізуді жоспарлауда.
Кешке «Жас-Ай» шығыс-тибет медициналық орталығы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және «Асыл кітап» баспасы демеушілік жасап отыр.
Кештің басталуы сағат 18.00-де.