Алматыда желатин мен коллаген өндіретін зауыттың құрылысы басталды

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Жоба Алматы қаласында Iskefe Holding құрамына кіретін Halavet KZ еншілес компаниясы арқылы қолға алынып жатыр. Инвестицияның жалпы көлемі 60 млн АҚШ долларын құрайды, бұл шетелдік инвесторлар тарапынан Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетіне деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.

Жаңа зауытта заманауи технологияларды қолданумен қатар, халықаралық сапа стандарттары мен экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, тағам, фармацевтика және косметика салаларына арналған өнімдер өндіру жолға қойылады.

Ол Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етуге және экспортқа бағытталатын болады.
Инвестициялық жоба мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы тапшылықты жоюға, ішкі қосылған құнды арттыруға, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған.

Жобаның іске асырылуы өнеркәсіп секторын орнықты дамытуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосады деп жоспарланған.