Қалалық ТЖД басшысының орынбасары Нұрлан Мадияров журналистердің «неліктен хабарлама СМС арқылы таратылмады?» деген сауалына хабар таратудың жаңа технологиясы жасалып жатқанын айтты. Оның айтуынша, дабыл хабарламалары енді домофондар арқылы жеткізіледі.
«СМС хабарлама жіберілмеген себебі, біз халыққа нақтыланбаған деректі жеткізе алмаймыз. Ал жер асты дүмпулері орын алған соң іс-әрекет алгоритміне сәйкес бізге ақпарат жинау қажеттігі туады. Ол үшін қалалық ІІД-мен біріге отырып 300 патрульдік көлікпен тексеру жүргізілді. 3 мыңға жуық камераға жазылған ақпарат тексерілді. Тауда орналасқан гидротехникалық құрылғылардың бүтіндігі тексерілді. Сондай-ақ 8 химиялық нысан бақылауға алынды. Осының бәрі техникалық тұрғыдан көп уақытты талап етеді», - деді Нұрлан Мадияров.
Жаңа технология қазір Гагарин көшесі, 159 үй мекенжайы бойынша пилоттық режімде жұмыс жасап тұр. Бұл жоба әкімшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.
Қалалық ТЖД басшысының орынбасары жүргізілген кешенді іс-шаралар нәтижесінде ғимараттарға ешқандай зақым келмегенін және адам өміріне қауіп келтіретін жағдайдың жоқтығын айтты.
Айта кетейік, Алматы маңындағы жер сілкінісі туралы «ҚР Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитеті Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспидициясы» ММ-дан (ҚР БҒМ ҒК СТӘЭ) хабарлама алған ҚР ІІМ ТЖК Республикалық дағдарыс орталығы, Алматы қаласы және Алматы облысы ТЖ департаменттерімен жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттер жоспарына сәйкес іс-шаралар кешенін ұйымдастырған болатын.
Аталған дерек бойынша жедел штаб іске қосылып, тиісті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар басшылары, Азаматтық қорғаныс қызметі хабардар етілді. Барлық нысандар штаттық режимде қызмет етуде. Халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ», делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, кеше Алматы маңында сағат 20:01 кезінде жер сілкінісі болды. Бұл мәліметті ҚР Білім және ғылым министрлгі Ғылым комитетінің Сейсмологиялық тәжірибелік әдістемелік экспедициясы мемлекеттік мекемесінің сейсмикалық стансалар желісі тіркеді. Тербеліс эпицентрі Алматыдан оңтүстікке қарай 28 шақырым жерде Қырғызстанмен шекара маңында болған. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 12.9 болса, магнитудасы MPV 6,3 ал тереңдігі 15 шақырымды құраған. Алматы қаласында зілзаланың 4-5 баллдық әсері болып, дүмпуі сезілді.