Алматыда жерге таласқан жұрт бір-бірімен төбелесуге дейін барды

Шаңырақ ықшамауданындағы көшесіз 10 үйдің тұрғындары қамауда қалғандай күй кешуде. Қысқа ғана жолға жылдар бойы қол жеткізе алмай жүр. Өйткені көше түсетін жерге әлдеқашан үйлер салынып қойған. Енді мұның азабын көлік түгілі өздерінің кіріп-шығуы қиындаған жұрт тартуда.

- Бізде мына екі ортада, мына жерде жол болуы керек. Бізде бұрыннан карта бойынша маған көрсеткені, архитектордың көрсеткені тура осы жолды көрсеткен кезінде. Әлі ашып бере алмай жатыр мысалы.

Жоспар бойынша бекітілген құрылысты жауаптылардың бастағылары жоқ. Сарыла күткен тұрғындар осы күнге дейін шыдап келіпті. Олардың қазіргі «қыл-көпірі» көршілерінің ауласы ғана. Айдалада қалған 10 үйге келген жедел-жәрдем де жол таппай, кері қайтып кетеді екен.

Нұргелді Нүсіпбеков, Алматы қаласының тұрғыны:

- Не мектепке баратын, не басқа жаққа баратын жол жоқ. Үйге кіре алмаймыз. Жаяу адам кіре алмайды. Көршілерден рұқсат сұраймыз барып, өтіп кетейікші, рұқсат болса деп.

Қызығы сол, көшенің орнына салынған жеке үйлердің де құжаттары заңды. Ал, қағазда кеткен қателіктің кесірінен екі жақ бір-бірін көрместей болған. Даулы жер телімі үшін жұрт бүгін де жаға жыртысуға дейін барды.

-Сен қатын  бәле болдың ғой осы. Менікі заңды ғой.

– Әй, карта сөйлеп тұр ғой, карта сөйлеп тұр ғой.

Наразы топ көшені даулап шенеуніктердің алдына талай барған. Бірақ, әдеттегідей нәтижесіз. Сөйтсе, жолға түскен үй иелерімен әкімдіктің өзі соттасып жатыр екен.

Досым Иманғалиев, Алатау аудандық әкімдігінің бөлім басшысы:

- Өткенде қараша айында соттың шешімі шықты. Ол жерді босатып беруі керек. Қазіргі кезде бүкіл құжаттар Алматы сот орындау департаментіне жіберілген. Көше жобасы бойынша  кезінде түспеген ол жерге. Кейін заңдастырылғаннан кейін осындай даулар шығып жатыр.

Жұрт енді сот шешімінің жүзеге асуын күтуі керек. Одан кейін көшенің құрылысы басталмақ. Ал жол үстіне үй тұрғызған тұрғындардың жайы сол күйі белгісіз қалды. О баста жерді заңсыз үлестіргені үшін кімнің жауап беретіні де беймәлім.

Loading...