Алматыда жетінші Еуразиялық медиафорум басталды

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, екі күндік бас қосу барысында қазіргі уақыттағы өзекті проблемалар, атап айтқанда, "Мойындалмаған мемлекеттер, Косовоның үлгісінде мемлекеттердің өзін-өзі тәуелсіз мемлекет деп жариялауы" мен "Екінші қырғиқабақ соғысқа Дежа вю" тақырыптары талқыланады.

Форум талқысына ұсынылатын басқа да тақырыптардың арасында "Әлемдік қаржы жүйесінің дағдарысы кезіндегі БАҚ ролі", "Сайлаулардан кейінгі АҚШ-Ресей қарым-қатынасы", "Посткеңестік кеңістіктегі көшбасшылар кімдер", "Санаткерлік меншік құқықтарын сақтау мәселелері", "Ғаламдық күн райының жылыну қаупін жария ету проблемалары" бар.

Форум "Саясаттағы Гламур және Гламур саясаты" атты тақырыппен аяқталады. Бұл тақырып "Николя Саркози - гламурлы президент" деген атаумен жоспарланған.

Шараны ұйымдастырушылардың мәліметінше, жетінші Еуразиялық медиафоруға 450 делегат, соның ішінде 150 шетелдік қатысушы келмекші. Форумда сөз сөйлейтін шешуші спикерлердің арасында Збигнев Бжезински мен Беназир Бхуттоның сіңлісі Фатима Бхутто бар, деп хабарлады ұйымдастырушылар.