Алматыда жиырма отбасы полиэтиленді жамылғының астында тұрып жатыр

Елена – алапат өртті бастан өткергендердің бірі. Күллі қабырғасы қирап, үй ішін малмандай су басса да, әйел амалсыздан күйіктің арасында тұрып жатыр. Ал жағдайы әлдеқайда тәуірлеу көршілері таңертеңнен бастап жүктерін түйген.  

Нұржан Ерденов, зардап шегуші:

- Өрттен кейін пәтер жалдап жатырмын. Ешкім жағдай сұрап жатқан жоқ. Халықтың жағдайын ойлайтын адам бізде бар ма, жоқ па, білмей қалдық қой

Мына 20 шақты отбасы да түс көргендей боп отыр. Небәрі үш күн бұрын ғана төсек орны да, дүние-мүлкі де болған. Қазір енді әркімнің қолынан тамақ жеп, далада жатқан жайы бар.

Гүлмира Тәжібаева, зардап шегуші:

- Кафеде істейтіндер әкелді кеспе көжені. Қазір ішіп жатырмыз. Оның алдында осы қыздардың туысқандары бар, ағайындары  бар әйтеуір қолдарынан не келеді, соны әкеп жатыр. Құдайға шүкір қарнымыз тоқ, бірақ жатқан жеріміз сәл ыңғайсыз боп тұр. Жерде жатырмыз. Көрпе түк қалмады. Ешнарсе қалмады, жұрттың бергенін жамылып жатырмыз енді.


- Түн ортасында тірідей өртеніп кете жаздағандар қазір мынадай полиэтиленді жамылғының астында тұрып жатыр. Қара жерге төсеніш төсеген. Тіпті, жастық-көрпелері де өздерінікі емес, қайырымды жандар берген.

Өрттен аман қалған 50 адамның барлығы дерлік осы тар лашықтың ішінде орналасқан. Ересектер өртенген үйдің іргесінде ас әзірлесе, оқушылар осы ашық аспан астында сабаққа дайындалған.   Көп балалы аналар да бар мұнда. Күндіз сәбиін емізіп, ал түнде ұйқысын ториды. Далада қалғандар ұры-қарылардан өздері қорғануға мәжбүр.