Алматыда жоғалған жас жігіттің мәйіті табылды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Ақназардың туған-туыстары бүгін әлеуметтік желіде Ақназарға іздеу салған. Ол 3 қарашада із-түзсіз жоғалды. Сол күні кешкі уақытта әжесімен телефон арқылы сөйлескен. Одан кейін байланысқа шықпапты.

Алматы қалалық полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, 4 қарашада Ақназар Қажымұраттың жоғалуына байланысты арыз түскен. Содан арнайы іздеу тобы құрылды.  

Бүгін криминалдық полиция қызметкерлері жас жігіттің денесін Бостандық ауданынан тапты. Денесінде зорлық-зомбылық іздері жоқ. Қазіргі кезде Ақназардың өліміне себеп болған жайттар анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Айта кетері, 2018 жылы Ақназар Қажымұраттың есімі әлемнің жас дарындары арасында кеңінен танылды. Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарынан сүрінбей өтіп, ең жоғары ұпай жинады. Соның арқасында Американың кез келген үздік жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндік алған. Ол Гарвард университетінің грантын алды.