Алматыда жолақыны ақшамен алатын автобус жүргізушілері жаппай жазаланып жатыр

Жол ақысын тек «Оңай» картасы арқылы төлеу керек деген талап алматылық жүргізушілерге әлі жете қоймаған секілді. Алғашқы тексеруде-ақ ашылып жатқан былықтар соған дәлел. Атап айтқанда қаладағы қоғамдық көліктерде қолма-қол есеп айырысу тәсілі тиылмай тұр. Әсіресе жекеменшік автопарк жүргізушілері заңды белшеден басқан. Тіпті кейбірі төлем терминалдарын өшіріп қойып, ақшаны ашық жинап жүр.

-Не үшін өшіресіздер. Көрініп тұр ғой.

-Білмейм паркке айтпайсыздар ма? Бәрі біледі, өзі қосылмай тұрған шығар.

Алайда оңай ақша табуды әдетке айналдырғандар бүгін шетінен жазаланды. Тиын жинағандар енді 10 мың теңгеден айыппұл төлеуі тиіс.

Айыппұл арқалаған 65-ші бағыттағы автобус жүргізушісі ақша алмасқа амалым жоқ дейді. Себебі автопарк басшылары жанармай құюға қаржы бөлмейді екен. Оның үстіне көптеген жолаушылар әлі электронды билет алып үлгермеген. Сондықтан қолма-қол есеп айырысуға қарсы емес.

Сәбит Шардаров, автобус жүргізушісі:

- Енді мен қалтамнан төлемеймін ғой солярканы. 9-10 мың теңге кетеді.

Бүгінгі шара барысында муниципалды автопарк жүргізушілері де жазасыз қалмады.

- Сіз қолма-қол  алған ақшаны кімге апарып бересіз?

-Ешкімге апармаймын.

-Қалтаңызға саласыз ба?

-Енді қайтесің. Екі адамнан алдым.

Жаппай тексерістен кейін жекеменшік жолаушы тасымалдаушы компания өкілдері де жедел журналистерді жинады. Көлік холдингін кінәлаған олар, билет тексерушілердің жеке компанияға тиесілі автобустарға бас сұқпайтынын айтып отыр. Яғни тиісті бақылау болмағасын жолаушылар да жол ақысын төлеуден жалтарады екен. Сондықтан соңғы бір аптада табыстың тең жартысынан қағылдық - дейді.

Ерсін Көбдікбаева, «Киікбай» ЖШС директоры:

-Біз қазір бұрынғы жинап отырған қаржымыздың 40-50 пайызын ғана жинап отырмыз. Біздің күткеніміз жинап отырған қаржымыздың үстінен 30 пайыз пайда көреміз дегенбіз. Бізде ол жоқ.

Сондықтан жолаушы тасымалдаушылар «Оңай» жүйесін әлі де жетілдіруді талап етіп отыр. Ал ақша алып ұсталған жүргізушілер енді жұмыстарынан қуылатын болады. Сондай-ақ келесі дүйсенбіден бастап билетсіз жүрген жолаушыларды да жаппай жазалау басталмақ. 

Loading...